БАҚ-пен кездесуде басқарма басшысы 2016 жылы бюджеттен басқармаға 38 371 155,8 теңге бөлінгенін, қазіргі уақытта оның 25 490 524,7-сі игерілгенін айтты.
Исаховтың айтуынша, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда транспорт саласын реформалауда бірқатар шаралар атқарылған. Реформа аясында қоғамдық көліктерге арнайы жол беріліп, ақылы автотұрақ, веложолдар мен тротауарларды дамыту мәселесі енгізілген.
Басқарма басшысы бүгінгі таңда қоғамдық көліктерге Райымбек батыр, Төле би, Наурызбай батыр, Желтоқсан көшелерінде арнайы жолақ белгіленгенін айтты. Еске сала кетейік, арнайы жолақ былтыр Абай даңғылында сызылды. Исахов биыл жоспар бойынша 3 мың келесі жылы 20 мың ақылы тұрақ орнын ашу жоспарланып отырғанын да айтып өтті.
Басқарма басшысы атап өткен реформа ішінде қоғамдық көліктерге «Оңай» электронды билеттер жүйесін енгізу де кірген. Алматыда «Оңай» жүйесі жыл басынан бері іске қосылғаны белгілі.
«Біз Парламентке тарифті дифференциялау түсінігіне өзгеріс енгізуді ұсындық. Бізге тарифті дифференциялауды бекітіп берсе, онда қолма қол ақшамен төлеу қымбат болады. Ал картамен төлеу арзан болады», - деді Исахов.
Сонымен қатар, ол ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын Алматы қаласы метрополитенінің бірінші желісінің екінші кезегін іске қосу, «Сарыарқа» және «Достық» станцияларының құрылысы жұмыс кестесіне сай жүргізіліп жатқанын айтты.