Алматыда қоғамдық көліктегі жолақы бағасының өсуі үш күнге шегерілді

АЛМАТЫ. 20 шілде. ҚазАқпарат  - Қасиетті Рамазан айының басталуына орай Алматыда  қоғамдық көліктегі жолақы бағасының өсуі бұған дейін хабарлағандай 20 шілдеде емес тек 23-інен бастап өсетін болды.

Мәслихаттың 22 мамырдағы V сессиясының шешімімен және қала әкімінің 27 маусымдағы №2/571 қаулысы бойынша  қоғамдық көліктегі жолақы бағасы жұмадан бастап 50-ден 80-теңгеге өсуі тиіс болған. Алайда, 16 шілде күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі мен Орталық мешіттің бас имамы Маханбет Құлмұхаммед қасиетті Рамазан айы туралы баспасөз мәслихатында қала әкімдігіне қоғамдық көліктегі жолақыны өсіруді кейінге қалдыру туралы өтініш  жасағандарын айтқан еді.

Онда қала әкімінің орынбасары автобус парктерінің басшыларымен бұл мәселені дүйсенбіде арнайы талқылауға уәде бергенін жеткізген. Өйткені 1 ай бұрын бас мүфти шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі  министрліктер мен түрлі сала жетекшілеріне, облыс, қала, аудан басшыларына, кәсіпкерлер мен жалпы ел халқына үндеу жариялап, республика көлемінде акция бастаған болатын. Онда: «осынау мүбәрак айда түрлі мекеме басшылары мен кәсіпкер мұсылман бауырларымды Жаратушы Иеміздің мейірімін тілеп, азық-түліктің, қонақүйлер мен қоғамдық қызметтердің, киім-кешектің, құрылыс заттары мен жанар-жағармайдың, мектеп формасы мен оқулықтарының, демалыс лагерлері мен шипажайлардың, мейрамханалар мен асханалардың бағасын 10 пайызға түсіріп, жеңілдік жасауға шақырамын. Қоғамдық көліктерде жүру ақысы, коммуналдық қызмет төлемақылары ментелекоммуникациялық байланыс тарифтері де осылай төмендетіліп  жатса, нұр үстіне нұр болар еді», - деген болатын.