Алматы ІІД жергілікті полиция қызметі іздестіру бөлімінің қызметкерлері көлік иесін тапты. Полицейлердің анықтауынша, 24 жастағы күдікті «Лексус 330» маркалы автокөлігімен Саин көшесінің бойымен солтүстік бағытта келе жатып, Төле би көшесінің қиылысында 55 жастағы ер адамды қағып кеткен. Жаяу жүргінші алған жарақатынан сол жер көз жұмған. Көлік иесі оны қалдырып, оқиға орнынан кетіп қалған.
«Алғашқы шұғыл шаралар барысында видеомониторингтің көмегімен және оқиға орнын тексеру кезінде алынған сараптамалық фрагменттер нәтижесінде автокөлік табылды. Кейін оның жүргізушісі де анықталды. Күдікті Алматы облысының тұрғыны, ол қамауға алынды»,- деді Алматы ІІД жергілікті полиция қызметі іздеу бөлімінің подполковнигі Ерік Насырбеков.
Полиция мәліметінше, күдікті бір жыл бұрын мас күйінде көлік жүргізіп, сол үшін куәлігінен айырылған екен.
«Тергеу басқармасында сотқа дейінгі іс жүріп жатыр. Айыпталушы ҚР ҚК 345 бабының 3 тармағы және 345 бабына сәйкес екі бірдей қылмысы үшін жауапқа тартылады. Жарақат алған адамды тастап, оқиға орнынан қашып кеткені үшін бөлек жазаланады. Қазір күдікті түсініктеме беріп жатыр»,-деді подполковник Ерік Насырбеков