Келтірілген деректерге сәйкес, Шығыс айналма жолының Халиуллин көшесінен Балтабаев көшесіне дейінгі аралығы рейтингтің көш басында келеді. Мұнда күн сайын орта есеппен 2,9 жол-көлік апаты тіркеледі екен. Ең басты себеп - жылдамдық режімін сақтамау. Жөндеу жұмыстарының орташа бағасы - 343 289 теңге.
Бұдан кейінгі орынға Райымбек даңғылының «Алтын орда» базары маңындағы учаскесі орналасты. Үшінші орында Райымбек даңғылы бойындағы бұрынғы «Саяхат» автовокзалының аумағы. Ал төртінші орында Райымбек даңғылы мен Сейфуллин даңғылдарының қиылысы. Сондай-ақ, Төле би мен Байзақов көшелері, Абай даңғылы мен Әуезов көшесі және Алтынсарин мен Жандосов көшелерінің қиылысында да көлік апаттары жиі орын алып жатады. Басты себептер - басып озу және орағытып өту ережелерін сақтамау.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегіне сәйкес, Алматыда 2016 жылдың алғашқы 2 айында 837 жол-көлік апаты болған. Бұл осы мезгілде елімізде орын алған жол апаттарының 30 пайызын құрайды. Жол-көлік апаттарының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алады.
Сондықтан, сақтандыру компаниясы жүргізушілерді жол қозғалысы ережесін сақтауға шақырады.