Алматыда көлік инфрақұрылымын жақсарту шараларының нәтижесінде ауаға таралалатын зиянды заттар 19,9-дан 17,9 пайызға кеміді

АЛМАТЫ. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 2011/2012 жылдардағы жылу маусымы кезінде 1-ші ЖЭО толықтай газға көшіріледі. Бұл туралы бүгін «Экологиялық таза қаланың көлік жүйесі» деп аталатын семинарда қала әкімі Ахметжан Есімов айтты.

«Қала атмосферасына жыл сайын 237 мың тонна зиянды заттар таралады. Олардың 190 мыңы көлік құралдарынан, 23 мыңы жылу көздерінен, 16 мыңы жеке сектордағы тұрғын үйлерден, 3 мыңы өнеркәсіп орындарынан бөлінеді», - дейді Ахметжан Смағұлұлы.

Қала басшысының айтуынша, әкімдік экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында көптеген іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Қазір Алматыда 500 мыңнан астам көлік құралы тіркелген. Сондай-ақ күн сайын өзге аймақтардан қалаға 200 мыңға жуық автомобиль келеді. Бұл қала эколгиясына үлкен жүктеме болып отыр. Сондықтан бірінші кезекте автомобиль майларының сапасын қадағалау мен көлік құралдарының тексеруден өтуіне көңіл бөлінуде. Одан кейінгі басты назар көлік инфрақұрылымын дамытуға аударылып отыр. Мәселен соңғы 3 жылда 7 жол айрығы мен шығыс айналма жолында туннель салынды. Соның нәтижесінде ластану индексі 2009 жылғы 19,9 пайыздан былтыр 11,7 пайызға дейін кеміді.

А. Есімов: «Стационарлық көздердің ауаны ластауы да 2,6 мың тоннаға азайды. 2011/2012 жылдардағы жылу маусымында енді 1-жылу электр орталығы толық газға көшіріледі. Бұл қала үшін маңызы зор үлкен оқиға болмақ», - деді. Оның сөзіне қарағанда, қазір әкімдік «Самұрық-энерго» компаниясымен 2-ЖЭО-ны да газға көшіру жөнінде жұмыс жүргізуде. Соңғы 2 жылда қалада 57 шақырымдық газбен қамтамасыз ету желісі жасалып, жеке сектордағы 20 мың үйге газ жүргізілген болатын. Алдағы 2 жылда «Қазтрансгаз» компаниясы енді жеке секторды газдандыруды толық аяқтағалы отыр.