Алматыда көлік қаққан жаяу жүргінші қаза тапты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда ірі магистралдардың бірінде автомобильдің астында қалған жаяу жүргінші көз жұмды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі оқиға орнынан.

Қайғылы оқиға сейсенбіге қараған түні Рысқұлов даңғылында, Емцов көшесімен қиылысқа таяу жерде шағын Дубосековская мен Чурин көшелері арасында болды.

 

Көргендердің айтуынша, жаяу адам жолдың  тыйым салынған жерінен кесіп өтпек болған. Ал Рысқұлов даңғылынан шығыс бағытқа бет алған Volkswagen автомобилінің жүргізуші қара киімді адамды сол сәтте аңғара алмай қалған.       

 

Әзірге кім екендігі белгісіз жаяу жүргінші қатты соққыдан сол жерде көз жұмды.

Оқиға орнына жеңіл жәрдем келді. Полиция қызметкерлері ЖКО-ның себеп-салдарын нақтылауда.