Алматыда көлік жуып жүрген 24 жасөспірім полиция назарына ілікті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда көліктің шамын сүртіп, жуып жатқан жасөспірімдер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

Алматы қаласының ювеналды полиция қызметкерлері қала көшелерінде автокөліктердің шамын сүртіп, жуумен айналысатын кәмелетке толмағандарды анықтау бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде тамыз айының басынан бері 24 факт анықталды. Полицияның назарына іліккен балалардың ішінде 16 жасқа толған екі адам бар. Демек, олар құқық бұзушылықтың субъектісі болып табылады және өз әрекеттері үшін толық жауап бере алады. Қазір оларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Ал қалған балалардың ата-аналарымен болашақта осындай жәйттерді болдырмау туралы профилактикалық әңгімелер өткізілді. Егер алдағы уақытта қайталанатын болса, олар ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады»,– деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция бөлімінің бастығы Манап Саттаров.

Тәртіп сақшылары ата-аналар мен көлік иелерін балалардың жолда көлік жууына жол бермеуге шақырды.