Алматыда көліктің ішінен ерлердің қол сөмкелерін ұрлаумен айналысып келген қылмыстық топ құрықталды

АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Алматының криминалдық полиция қызметкерлері автокөліктердің салонынан ерлердің қол сөмкесін ұрлаумен айналысып келген Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарынан құралған қылмыстық топты құрықтады.

Бұл оқиға жөнінде бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділді Ораз мәлім етті.

Оның деректерінше, қылмыстық топтың 22 және 35 жастағы екі мүшесі өздері жалға  алып, тұрып жатқан пәтерінен ұсталды. Жедел-тергеу амалдары және алынған айғақтар олардың автокөліктерге жасалған 3 ұрлыққа қатысы барлығын көрсетті. Тексеру барысында мәлім болғанындай қылмыстық топ өздерінің жымысқы әрекеттерін арнайы сценарий бойынша жүргізген. Олардың бірі нысанға алынған адамның назарын аударып тұрғанда, екіншісі көліктің дөңгелегін тесіп отырған.

«Ал көлік иесі дөңгелекпен айналысып жүргенде көліктің ішіндегі заттар қолды болады. Қылмыстық топ қаңтар айында осындай тәсілмен «Кия» автокөлігінен ішінде 1,5 миллион теңге ақшасы бар қол сөмкені алып кеткен. Қазіргі уақытта ұсталған адамдар қамауға алынды және олардың бұдан өзге де қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Сонымен қатар, қылмыстық топтың өзге де мүшелерін ұстау бойынша тиісті шаралар атқарылуда»,-деді ресми өкіл.