Алматыда коммуналдық меншіктің 32 нысаны жекешелендірілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қалалық Қаржы басқармасында 2018 жылы жекешелендірілетін нысандар туралы айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жекешелендірудің 2016 - 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарын атқару аясында әкімдік коммуналдық меншік нысандарын іске асыру кестесін бекітті. Бұл кестеге сәйкес, 2018 жылы сатылуға жатқызылатын 2 нысан бойынша тиісті шараларды өткізу жоспарланған. Балаларға арналған стоматологиялық емхана - оның бірінші тендері 2018 жылдың 16 қазанында жарияланған, және «Алматы арнайытехпаркинг сервис» ЖШС-нің 30 пайыздық үлесіне қатысты қазіргі кезде сатылым алдындағы дайындық өткізілуде», - деп баяндады аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Қаржы басқармасының бастығы Айнұр Құдайбергенова.

Айтылған мәліметтер бойынша, 2016-2017 жылдары Алматыда коммуналдық меншіктің 32 нысаны жекешелендірілген. Оларды сатудан бюджетке түскен пайда 8,6 млрд теңгені құрады. Жекешелендіру алдындағы бақылауда тағы 18 нысан тұр.