Алматыда коньки тебуден студенттер арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда кеше коньки тебуден студенттер арасындағы Әлем чемпионаты аяқталды. Бұл туралы «Алматы қ. Халықаралық спорттық жобаларының атқарушы дирекциясы» мемлекеттік қорының баспасөз қызметінен хабарлады.

Чемпионаттың салтанатты жабылу рәсімі барысында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Аманжолова спортшылардың барлығына жарыстарға қатысып, жақсы нәтиже көрсеткендеріне ризашылығын білдіріп, оларды алдағы Жаңа Жылмен құттықтап, спортта жаңа табыстар тіледі. Бұдан кейін арнайы концерттік бағдарлама басталды. Сонымен қатар, жиналған қауымға мұз айдынында тегін коньки тебуге рұқсат берілді.

Айта кетелік, осымен екінші рет өткізіліп отырған Әлем біріншілігіне 15 елден барлығы 100 жуық спортшы қатысты.

Сондай-ақ, бұл күні чемпионаттың төртінші күнгі жарыстарының қорытындылары шығарылды.

Сонымен, 500 метрлік қашықтықта қыздар арасында бірінші орынды 77:90 секундтық нәтижемен ресейлік Юлия Козырева жеңіп алды. Екінші орынды 78:82 секундтық нәтижемен ресейлік Арина Аршинова иеленді. Қазақстандық Мария Сизова қола медальге қол жеткізді.

Бұл жерде бір айта кететін жәйт, 500 метрлік қашықтық бойынша спортшылар екі реттен жарысады. Осылайша, жеңімпаздар екі нәтиженің қосындысы бойынша анықталады.

Ал осы қашықтықта ерлер арасында өткен жарыста бірінші орын итальялық Мирко Джакова Нензиге бұйырды. Ол бұл қашықтықты 70.550 секундта басып өтті. Күміс медаль польшалық Артур Ногальдың еншісінде. Оның көрсеткіші 70.740 секунд. Ал үшінші орынға 70.940 секундтық нәтижемен Қытайлық Тайбейдің спортшысы Чинг Янг Сунг көтерілді.

Қазақстандық спортшылар Федор Мезенцев (71.540 секунд) пен Артур Крикунов (72.450 секунд) төртінші және бесінші орынға жайғасты. Тағы бір қазақстандық Дарсиль Эссамамбо 73.020 секундтық нәтижемен оныншы орынды місе тұтты.