Осы шара барысында Қазақстанға белгілі заңгер, академик, заң ғылымдарының докторы, Ата заңның қабылдануына орасан зор үлес қосқан ғалым Сұлтан Сартаев кітапхана оқырмандарымен кездесіп, Ата заңның маңыздылығы туралы әңгіме өрбітті.
«Қазақ халқында ежелден үлкенді сыйлау мәдениеті бар. Әсіресе, атаға деген құрмет ерекше. Сондықтан да қазақ халқы өзінің басты заңын - Ата заң деп бекерге атамаған. Біз сол Ата заңымыздың әрбір бабын, тармағын, нүктесіне дейін сақтауымыз қажет. Әйтпесе, конституциялық аумақтан шығып кеткен боламыз. Біз ата-бабаларымыздың өрісті ісін алға жылжытуымыз үшін осы негізгі заңның аясында өмір сүруіміз керек. Сонда ғана өрісті елдердің қатарына қосыламыз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Конституцияны сақтау бойынша елдің символына айналып отыр. Сондықтан жастарға айтарым, Ата заңның сақталуына күш салыңыздар», - деді С. Сартаев.
Қазақстанның Конституциясы күніне арналған көрмеге ҚР Ұлттық кітапханасы қорынан 100-ге жуық басылым қойылды. Олардың ішінде Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғы», қазақ халқының дәстүрлі әдеп-ғұрып заңдарының жинағы; мемлекет тарихы мен құқығы туралы әдебиеттер, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарияланған «Қазақтың ата заңдары» құжаттар мен материалдардың жинағы және Сұлтан Сартаевтың еңбектері бар. Сонымен қатар, қазақ, орыс, ағылшын, өзбек, ұйғыр және тағы басқа тілдерде басылған Қазақстан Республикасының Конституциясы да қойылған.
Бүгінгі шараға белгілі қоғам қайраткерлері, докторанттар, магистранттар, жоғары оқу орындарының студенттері және Ұлттық кітапхананың оқырмандары қатысты.