Алматыда Конституция күніне арналған мерекелік шаралар өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 30 тамыз. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Алматыда Конституция күніне арналған шаралар өтіп жатыр.

Мерекелік шаралар бұнда таңғы 9-дан басталды. Алматылықтар алдымен Конститутция күніне арналған Астанадағы әскери шеру мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы құттықтауын он-лайн режімінде тамашалады. Бұл үшін қаланың жеті ауданындағы халық жиналатын жерлерге арнайы экрандар қойылды.

Қ аладағы басты шара «Астана» алаңында өткізілуде. Бұнда әскери училищелер курсанттарының Конститутция күніне арналған шеруі өтті. Әскери шеруден соң қазақстандық эстрада жұлдыздарының мейрамға арналған концерті басталды. Концертте Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев, Нағима Есқалиева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Алмас Кішкенбаев тағы да басқа әншілер әннен шашу шашты.

Мерекені кешкі 7-де «Битлз» тобының әндері фестивалі жалғастырады. Конституция күнін тойлау кешкі тоғызда мерекелік отшашумен аяқталады.