Алматыда Конституция күніне орай «Конституция - дағдарыстан жаңару мен даму жолындағы Қазақстанның негізі» атты дөңгелек үстел өтті

АЛМАТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматы қаласындағы №4 кітапханада Конституция күніне орай  «Конституция - дағдарыстан жаңару мен даму жолындағы Қазақстанның негізі» деген тақырыпта дөңгелек үстел  өтті,

     деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Оны Алматы қаласының Алмалы аудандық әкімдігі мен №4 кітапхана ұжымы ұйымдастырды.

         Жиынға ғалымдар, заңгерлер, жоғары оқу орындарының проректорлары, Ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері, аудан жастары,   еңбек ардагерлері, сонымен қатар Алматы қалалық мәслихатының  депутаты Құсман Шалабаев, «Нұр-Отан» ХДП аудандық бөлімшесі төрағасының орынбасары Александр Братенков  қатысты.

         Жиналған қауым Ата заңымыздың тарихы,  осы күнге дейін өткен жолдары туралы, заңымыздың басты құндылықтары жайлы, тіл тағдыры туралы, тегін орта білім алу жайында   және тағы да басқа мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, пікір алысты.

         Кітапхананың оқу залында «Ата заң - өркениеттілік құндылықтар айнасы»  атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Көрменің бірінші бөлімі  - «Қазақтың Ата заңдары» деп аталған. Ол бөлімде еліміздің тарихы, қазақтың Ата заңдарының шығу тарихы туралы мәліметтер қойылған. Көрменің  «Қазақ билер соты - ортақ мәдени құндылық», «Ұлы дала даналығы» атты басқа бөлімдерінде халқымыздың заңды құрметтеуі, адам құқығын ардақтауы сонау ерте заманнан басталғанын көрсететін тарихи құнды кітаптар қойылған. Ал, «Конституция  - мемлекеттің негізгі заңы» атты бөлімде 1995 жылы қабылданған заңдарымыз туралы мәліметтер қойылған. Сонымен қатар, көрмеге мемлекеттік рәміздер, елордамыз Астана туралы жаңа кітаптар қойылған. Елбасымыздың жолдауы, «Нұр-Отан» партиясы, мемлекеттік тіл туралы деректер де көрмеден ерекше орын алған.

         «Шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз - Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Конституциясын қадірлеп, құрметтеуге тәрбиелеу. Ұлттық болмысымызды бейнелеген Заңдық қағидалар мен өркениеттілік заңдық ережелерді бойларына сіңіру. Саяси саналығы мен таным белсенділігін арттыру», дейді ұйымдастырушылар.