Алматыда көп балалы аналарды марапаттау рәсімі жалғасуда

АЛМАТЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Медеу ауданы әкімінің орынбасары Берік Мұстафин көпбалалы 5 анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» марапатын табыс етті.

Б.Мұстафин ардақты аналарды құттықтай отырып, бұл қошемет мемлекеттің әйел-аналарға әрдайым көңіл бөліп отыратындығының айғағы екендігін атап өтті. «Көп балалы аналар еңбегі мемлекетіміздің дамуы үшін үлкен маңызға ие. Себебі, біздің мемлекеттің ең басты байлығы - оның халқы», деді «Алтын алқа» иегері Балжан Айдарова.

Б. Айдарова өзінің ғалым-түркітанушы отағасымен бірге отбасында 7 бала тәрбиелеп өсірді. Олар қазір еліміздің дипломатия, журналистика, бизнес және мемлекеттік басқару орындарында қызмет етеді.

Осындай құттықтау акциялары қаланың барлық аудандарында өтуде.

Естеріңізде болса, 2010 жылдан бері көп балалы аналар бұрынғыдай 10 емес, 7 бала дүниеге әкелгендерден басталатын болып еді. Ал 6 баланың аналары «Күміс алқаның» иегері атанады. Бұл шешім туралы Қазақстан әйелдерінің V форумында жарияланды. Жалпы көп балалы аналарды марапаттау рәсімі 1993 жылдан бері өтіп келеді.