Алматыда көпбалалы аналарға кәсіп ашуға 406 млн теңге грант берілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде көпбалалы аналарға және мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін қолдау шаралары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көпбалалы аналарға қолдау көрсету үшін өңірлік «Бақытты отбасы» орталықтарында «Іскер ана» бағдарламасы іске қосылды. Мұнда оларды «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытады.

«Көпбалалы отбасылардан 888 адам 555 мың теңгеге дейін грант алды. Сонымен қатар, 406 млн теңге сомасына 203 көпбалалы ана 5 млн теңгеге дейінгі грантты иеленді. «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы жобасы іске қосылды. Жобада қоғамдық өмірге аға буын өкілдерін тарту көзделеді. Мұнда олар әртүрлі форматтағы нәтижелі, екіжақты қарым-қатынас арқылы аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленетін бастауыш мектеп жасындағы балалар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға өмірлік тәжірибе беріп, білім мен дағдыларға үйретеді»,– деді әкім.

Сонымен қатар, ол мүгедек жандарды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру мақсатында алғаш рет «Ten Qogam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылғаны атап өтті.

«Орталықта мүгедек адамдарға және олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсетіледі. Жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі, мүгедек адамдарды қоғамға тиімді бейімдеу үшін тұрмыстық және әлеуметтік дағдыларға оқытады»,– деп қортындылады Бақытжан Сағынтаев.