Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл фестиваль бұрынғыдан өзгеше. Дәстүрлі халықаралық орындаушылар байқауы болмайды. Бұл – жаңғыру концерті. Бірінші күн аса айрықша болмақ. Қызыл кілем төселген ашылу салтанатын, аты аңызға айналған A-Studio тобының мюзиклінің түсірілімін көруге мүмкіндік бар.
Бірінші күнгі концерт таңғаларлық дрон шоуымен аяқталады деп жоспрланған. Фестивальдің екінші күні – сахнада BLACK EYED PEAS! Will.I.Am, Taboo және apl.de.ap көрермендер алдына әлемді таңғалдыратын хиттерімен шығады. Фестивальдің үшінші және соңғы күні аңыздар мен ұрпақтар сабақтастығы идеясын қозғайды. Орталық Азия жұлдыздары – Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Жәмилә Серкебаева, Еркеш Шәкеев, Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Әділ Чекилов, Парвиз Назаров, Жылдыз Осмоналиева, Бауыржан Исаев, «Дара» тобы өнер көрсетпек. Ал, Әділ Чекилов пен Парвиз Назаров, Нағима Есқалиева мен Диас Абылаев, Роза Рымбаева екі ұлы Мәди Рымбаев пен Әли Оқаповпен бірге ән шырқайды. Дәстүрге айналатын тағы бір таңғажайып жаңалық бар. «Азия дауысы» тарихында алғаш рет Медеу сахнасындағы қойылымдар нағыз эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Оны әлемдік деңгейдегі жұлдыздармен жұмыс істеген, аты аңызға айналған дирижер Александр Беляков басқармақ.Фестиваль қазақ өнерінің аңызы Бибігүл Төлегенованың құттықтау сөзімен ашылды. Содан кейін сахнада қазақ эстрада жұлдыздары өнер көрсете бастады.Бұған дейін Алматы тұрғындары «Азия дауысы» фестиваліне автобуспен тегін бара алатыны туралы жазған болатынбыз.