Алматыда көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының Орталық мемлекеттік мұрағатында көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауы өтіп жатыр.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттау және талантты жастарды жан-жақты көтермелеу мақсатындағы бұл шараны қалалық тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ұйымдастырып отыр. «Оған 15-30 жас аралығындағы талапкерлер қатысуда. Үш кезеңнен тұратын бұл өнер бәсекесінде олар алдымен прозалық, одан кейін драмалық шығармадан үзінді оқиды. Ал ақтық кезеңде мәнерлеп өлең оқудан сайысқа түседі. Қазылар алқасы бағалау кезінде көркем мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, мәтінді таңдау талғамына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киім сәніне баса назар аударады», - дейді аталмыш басқарманың бас маманы Қымбат Нұрсұлтанқызы.