«Бүгін біз елімізге белгілі қоғам қайраткері, қазақ, орыс және неміс тілдерінде қатар қалам тербеген көрнекті жазушы, дарынды аудармашы, тамаша публицист Герольд Бельгерді еске алу үшін жиналып отырмыз. Ол биыл 7 ақпан күні 81 жасына қараған шағында дүниеден озған еді. Бірақ, оның патриоттық рухқа толы шығармалары мәдениетіміздің асыл қазыналары болып қала бермек», - деді осы кешті ашып жатып белгілі қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов.
Ол сонымен қатар, Алматыда бір көшеге Герольд Бельгердің есімін беру керектігін алға тарты. Гер аға соңғы 41 жыл өмірін осы Алматы қаласында өткізген екен.
Жиын барысында Герольд Бельгердің өмірі мен шығармашылығына арналған 20 минуттық фильм көрсетілді. Онда жазушының Қазақстанды өзінің шын отаны санайтындығы, Алматыны қатты ұнататындығы туралы айтқан жан тебірентерлік әңгімелері көрермендерді қатты толқытты.