Алматыда коронавирус жұқтырған 168 бала емделіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 1 947 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

13 шілде күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 640 адам коронавирус жұқтырған.

Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 574 , симптомсыз – 66 науқас тіркелді.

Барлық емделіп шыққандар – 139, келіп түскені – 302.

«Инфекциялық стационарларда 1 947 адам бар (төсек-орынның жалпы саны – 5 200 ), оның ішінде 168 бала емделуде», – деп нақтылады қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 133 адам жатыр. Ал 28 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 46 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 42 аппарат жұмыс істейді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 3 527 пациент бар.

Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда - 3194 науқас. 333 адамда коронавирус белгілері жоқ.