Алматыда коронавирус жұқтырған 216 бала емделіп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 5 474 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

10 тамыз күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 1493 адам коронавирус жұқтырған.

Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 1397, симптомсыз – 96 науқас тіркелді.

Барлық емделіп шыққандар – 572, келіп түскені – 694.

«Инфекциялық стационарларда 5 474 адам бар (төсек-орынның жалпы саны –8 910 ), оның ішінде 216 бала емделуде», – деп нақтылады Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 407 адам жатыр. Ал 58 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 170 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 161 аппарат жұмыс істейді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 11 908 пациент бар.

Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда - 11 090 науқас. 539 адамда коронавирус белгілері жоқ.