Алматыда коронавирус жұқтырған 3 мыңға жуық адам ауруханада жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған 2837 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

18 мамыр күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 525 адам коронавирус жұқтырған. Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 470, симптомсыз – 55 науқас тіркелді.

Барлық емделіп шығарылғандар – 320, келіп түскені – 250.

«Инфекциялық стационарларда 2 837 адам бар (төсек-орынның жалпы саны - 6 060), оның ішінде 100 бала емделуде», – деп нақтылады Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 192 адам жатыр. Ал 28 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 57 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 77 аппарат жұмыс істейді.

Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 3 209 пациент бар. Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда 2829 науқас. 380 адамда коронавирус белгілері жоқ.