Алматыда коронавирус жұқтырған 34 адамның жағдайы өте ауыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырудың жаңадан 450 жағдайы тіркелді. Оның 370-і симптомды және 80-і симптомсыз, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қаласының әкімдігі таратқан мәліметке сәйкес, 27 наурыздағы жағдай бойынша инфекциялық стационарларда 2524 адам бар, соның ішінде 34 науқастың жағдайы аса ауыр, 272-сі ауыр, 2218-інің жағдайы орташа ауыр.10 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Инвазивті емес ӨЖЖ – 49 адам.

Қазір қалада инфекциялық және модульдік стационарда, ауруханалардың жұқпалы аурулар бөлімшелерінде, Халық Аренада жалпы сыйымдылығы 7011 төсек-орны бар, оған қосымша 250 реанимациялық төсек-орын бар екен. КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарға 5 150 төсек-орын (пайдалануға) дайын. Реанимациялық бөлімшелерден 220-сы жұмылдырылды.

«Стационарларда инфекциялық бөлімшелерді ашу кезінде КВИ немесе КВИ белгілері бар науқастардың бейінді бөлімшелерде емделіп жатқан жоспарлы және шұғыл соматикалық пациенттермен «араласпауына» ерекше назар аударылады. Яғни стационардың ішінде КВИ-ді таратпау жөніндегі барлық шаралар сақталады - инфекциялық бөлімшелер басқалардан оқшауланып, фильтр, жеке қабылдау бөлімшесі және т. б. арқылы жеке кіретін есігі бар»,-делінген хабарламада.

Алматы әкімдігі тұрғындарды карантиндік нормаларды сақтауда жауапкершілікке шақырады. Бұл жедел және сапалы медициналық көмек көрсету үшін жаппай жұқтырудың және төсек-орын қорына шамадан тыс жүктеменің алдын алу үшін маңызды.