Алматыда коронавирус жұқтырған 35 жүкті әйел ауруханада жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда коронавирус жұқтырған 35 жүкті әйел ауруханада жатыр. Оның біреуінің жағдайы аса ауыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

« Біздің ауруханаларда коронавирус жұқтырған 35 жүкті әйел ем қабылдап жатыр, оның біреуінің жағдайы өте ауыр, екеуінің жағдайы ауыр және екі науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 283 әйел үйде дәрігелердің бақылаумен ем алып жатыр»,- деді спикер.

Жалпы, инфекциялық стационарларда 1 788 адам бар (төсек-орынның жалпы саны –5230), оның ішінде 53-і - бала.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 4 448 пациент бар. Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда – 4 190 науқас. 159 адамда коронавирус белгілері жоқ»,- деді Лаура Мырзағали.