Алматыда коронавирус жұқтырған екінші жүкті әйел босанды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда коронавирус жұқтырған жүкті әйел аман есен босанды. Балаға вирус жұқпаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, жүктіліктің 36-аптасында келген келіншекті №1 аурухананың дәрігерлері босандырған.

«Нәрестеден коронавирусқа тест алынды. Ол вирус жоқтығын көрсетті. Қыз бала қазір балалар бөлімінде жатыр», - деді стационардың бас дәрігері Сәбит Пазылов.

Қазір анасы мен баласының жағдайы тұрақты.

Айта кету керек, 15 сәуірде Алматыда тағы бір коронавирус жұқтырған келіншек босанған болатын. Салмағы 3 келі болып туған ұл бала да вирустан дін аман болып шықты.