Алматыда коронавирус жұқтырған студенттермен байланыста болғандар қонақ үйге жатқызылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бір университеттің жатақханасында студенттерден коронавирус анықталды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әкімнің сөзінше, бізде 168 мың студент болса, оның 110 мыңы сырттан келген.

Бүгінде бір университеттің жатақханасынан вирус жұқтырған студенттер анықталды.

«Эпидемиологиялық жағдай көрсеткендей, олар қалаға басқа аймақтан жұқтырып келген. Бүгінгі күні ауырған студенттермен байланыста болған барлық адам оқшауланды. Олар резервтік аурухана ретінде жасақталған «Астана» қонақ үйіне орналастырылды. Белгілі бір уақытты дейін сол жерде болады. ПТР тест тапсырады. Егер бәрі ойдағыдай болса, олар оқуын қайтадан жалғастырады. Сондықтан басқа балаларға жұқпау үшін бәріміз мұқият болуымыз керек»,- деді Бақытжан Сағынтаев.