Алматыда коронавируспен ауырғандарға психологиялық қолдау көрсетіліп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Психикалық денсаулық орталығының базасында бір ай бұрын инфекциялық стационар ашылды. Оның жұмысы туралы орталық директоры Сапар Рахменшеев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар Рахменшеевтің айтуынша, Орталық базасындағы ковидтік стационар жұмыс істеп тұрған кезеңде ауру ағымының түрлі дәрежесімен 864 науқас түсті, 435 науқас шықты, 8 адам қайтыс болды.

Ол ауыр дәрежелі барлық науқастарға коронавирус инфекциясына қарсы екпе салынбағанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта біз бәрімізде белгісіздік, күйзеліс және COVID-19 инфекциясының қаупі туралы алаңдаушылық бар. Коронавирус инфекцияның таралуы бүгінде ушығып тұр, жаңа штаммдар, «толқындар» пайда болып жатыр», - дейді Сапар Рахменшеев.

Алматы Психикалық Денсаулық орталығының директоры қазіргі жағдайға байланысты тұрғындар арасында үрейге жол бермеу өте маңызды екенін атап өтті.

Маман карантиндік шектеулер кейбір адамдардың эмоционалды жағдайына кері әсер ететінін де тілге тиек етті

«Біз коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастардың есту қабілетінің нашарлағанын, тез ашуланатынын, үрейленетінін, тіпті агрессияны байқаймыз. Мұның бәрі оларға дерт кезінде дұрыс тыныс алмауы салдарына болған психикалық ауытқушылық. Бірақ, мұның бәрі уақытша құбылыстар. Емделіп шыққан соң біздің мамандар пациенттермен дәрі-дәрмектерсіз, сенім телефоны арқылы жұмыс жасайды», - дейді спикер.

Сонымен қатар, ол дәлелсіз ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Әрине, адамдар ақпарат алулары керек, бірақ жергілікті денсаулық сақтау органдары сияқты сенімді көздерден алынған ақпаратқа жүгіну керек. Жалған ақпаратқа сенбеген абзал», - деп қосты ол.

Ол алматылықтардан өзін-өзі емдемеуді, бірақ сұрақтар туындаған жағдайда Телемедицина орталығының телефонына хабарласуды өтінді.

Бүгінде 11 632 науқасты дәрігерлер қашықтан бақылауға алды.