Алматы әкімдігінің мәліметінше, Бостандық ауданында Гагарин мен Қожабеков көшелерінің қиылысында орналасқан «Алмагүл» қосалқы станциясының құрылысы бойынша жұмыстар 100 пайыз аяқталды. Сондай-ақ, осы қосалқы станцияға 110 кВ электрмен жабдықтаудың 4,8 км кабельдік желісі тартылды.
«Бұл қосалқы станция Алматының оңтүстік бөлігіндегі тұтынушылардың жүктемесін азайтады. Оған «Алмагүл» шағын ауданы әл-Фараби-Жароков-Өтепов-Розыбақиев көшелерінің қиылысында салынып жатқан және жаңа тұрғын үй кешендері қосылатын болады. Секцияларда кабельдерді қосу және тұтынушы жүктемелерді аудару жөніндегі іс-шаралар «АЖК» АҚ-мен жүргізіледі»,- деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Айта кетерлігі, қосалқы станцияға қажеттілік Бостандық ауданында жаппай, ретсіз салынған құрылыстарға байланысты туындады.
Бұл мәселені Алматы әкімімен кездесу барысында Бостандық ауданының тұрғындары көтерген болатын.