Бұл шараға сондай-ақ көші-қон мәселелеріне бейжай қарамайтын қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар және түрлі қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыспақ. Бұған 22 сәуірде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингтегі ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенованың мәлімдемесі түрткі болып отыр.
Еске салай кетейік, 2013 жылы 10 желтоқсанда бекітілген «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне еңбек миграциясы мәселелері бойынша түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға сәйкес оралмандарға азаматтық Қазақстанға көшіп келген соң 4 жылдан кейін берілетін болған еді. Ал 8 сәуірден бастап Үкіметтің «Оралмандарды жайғастыру өңірлерін айқындау туралы» №248 Қаулысы бойынша Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарынан өзге өңірлерге келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру тоқтатылған болатын. Т. Дүйсенова өз мәлімдемесінде бұл аймақтардан өзге жерлерге келген этникалық қазақтарға «шетел азаматы ретінде төлем қабілетін растауы» туралы шектеу алынып тасталғанын, енді сырттан келген қандастарымызға келесі жылдан бастап Қазақстанның қай өңіріне келсе де оралман мәртебесі берілетінін және 1 жылдың ішінде азаматтық ала алатынын жеткізген еді.
Жалпы көші-қон мәселесі бойынша 22 сәуірде өткен Үкімет отырысынан кейін ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрамына барлық құзырлы орган өкілдері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан төрағаның орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев кіретін арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Оралмандар мен олардың отбасы мүшелерін бейімдеу және ықпалдастыру тетігін жетілдіру жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобы Қазақстан заңнамалары мен нормативтік-құқықтық актілеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы өз ұсынысын министрлікке 5 мамырға дейін табыс етуі тиіс болған. Енді бұл мәселе Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының осы жиынынан кейін 15 мамырда Министрліктер үйінде өтетін жұмыс тобының отырысында талқыланбақ.
Айта кетейік, Еңбек және халықты әлуеметтік қорғау министрлiгiнiң мәлiметтерiне қарағанда, 1991 жылдан берi Қазақстан 994 мың оралманды қабылдап үлгерген. Қазiргi уақытта олар жалпы халық санының 5,5 пайызын құрайды.