Алматыда ковид стационарлар жабылып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда коронавирус жұқтырған науқастарға арналған стационарлар жабылып жатыр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастар санының азаюына байланысты, инфекциялық стационарлар, көпбейінді ауруханалар ақырындап қалыпты жұмысына оралады. Сонымен, «Тері-венерологиялық диспансері», «Қалалық ревматологиялық орталық», «HAK Medical» клиникалық стационары, «Б. Жарбосынов атындағы ғылыми урология орталығы», «Astana International» қонақ үйі күнделікті жұмысына кірісті»,- дейді спикер.

Оның айтуынша, кешеден бері «Халық арена» спорт кешеніндегі стационарларға науқастарды қабылдау тоқтатылды.

«Бұл нысан жаңа жылға дейін резервте болады. Егер, вирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кететін болса, қайта ашатын боламыз. Сонымен қатар, осы аптада кардиологиялық орталық пен жедел жәрдем ауруханасында ашылған провизорлық орталық жабылады», - деді Нариман Табынбаев.