Алматыда ҚР Білім және ғылым министрі еліміздің жоғары оқу орындарының ректорларымен кеңес өткізді

АСТАНА. Қазанның 21-і. ҚазАқпарат - 2010 жылғы қазанның 21-інде Алматыда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен еліміздің жоғары оқу орындарының ректорларымен кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі.

Оған Қазақстанның барлық мемлекеттік және жеке жоғары оқу орындарының ректорлары, басқа да жоғары мектептердің басшылары, мемлекеттік басқару органдарының өкілдері, шақырылған мамандар қатысты.

Кеңесте Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасын, Қазақстанда интеллектуалды ұлтты қалыптастыру бағдарламасын, білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда кадрларды және интеллектуалдық қамтамасыз ету жөнінде жоғары білімнің алдына қойған міндеттері басты тақырыпқа айналды.

Министр өзінің сөзінде бұл міндеттерді шешудің өзекті деген механизмдер жүйесіне ерекше тоқталды, олардың ішінде мамандар даярлауды халықаралық деңгейге көтеру және әлемдік ғылыми-білім беру жүйесіне кірігу, білімнің, ғылымның, өндірістің бір-бірімен байланысын жақсарту, «Назарбаев университетінің» бірегей кешенін жасау, жоғары оқу орындарының ғылыми және инновациялық даму, студенттер арасында тәрбие жұмыстарын жетілдіру, студенттердің өзін-өзі басқарудың функциясын және өкілеттілігін кеңейту, студенттерді әлеуметтік қамтамасыз ету және басқа да көкейтесті мәселелер бар.

Білім беру сапасына бақылау жасау, лицензиялау, жоғары оқу орындарын аккредитациялау, қабылданған шешімдердің негізді әрі ашық болу, оларға талапты күшейту мәселелеріне жаңаша қарап, өте жоғары талап қою қажеттігі айтылды. Білім алу үшін жоғары оқу орындарын таңдап алған әлеуетті жұмыс берушілер мен жастардың мүддесін ойлай отырып, қазақстандық институттар мен университеттерді рейтингтік бағалау механизмдерін жетілдіруге баса назар аударылды.

Ректорлар корпусы жоғары оқу орындарының желісін оңтайландыру, зерттеу университеттеріне санаттарды енгізуді көздеген жаңа механизм бойынша жіктеу жөніндегі ұсыныстар, Болон процесі негізінде білім берудің мемлекеттік стандарттары мен оларға академиялық автономиясын беруді жақсарту, халықаралық деңгейде танылған оқытудың кредиттік технологиясын меңгерудегі жетістіктер мен проблемалар, талапкерлерді таңдаудың сапасын жақсарту және Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесін жетілдіру және басқа да мәселелерге үлкен қызығушылық танытты.

Кеңесте барлық қаралған мәселелер бойынша тапсырмалар беріліп, нақты шешімдер қабылданды.