Алматыда ҚР Білім және ғылым министрінің қатысуымен ЖОО ректорлары кеңесінің отырысы өтті

АЛМАТЫ. 15 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қатысуымен Алматыда жоғарғы оқу орындары ректорлар кеңесінің отырысы болып өтті.

Отырыста ЖОО-дағы профилактикалық тәрбие жұмысы, заң бұзушылық пен құқықтық тәртіптің сақталуын қадағалау басты назарда болуы керектігі айтылды.

Жұмыс барысында, бұл мәселелер сөз жүзінде бар, іс жүзінде жоқтығы байқалған. Жастардың тәрбиесіне деген мұндай жағдайлар, университеттен тыс жердегі ортаның кері әсері деп бағаланды. Нәтижесінде, Алматыдағы жоғарғы оқу орындарында құқық бұзушылық, нашақорлық пен жастардың әр түрлі діни секталар мен ұйымдарға енуі байқалуда. Ресми мәліметтер бойынша, бағыты түсініксіз исламдық ағымдардың басым көпшілігін діни-экстремистік, терроризм бойынша 18-25 жас аралығындағы жасөспірімдер құрайды. Осы фактілер университет ректорларына тез арада жастардың жүріс-тұрысындағы мәселелер мен әлеуметтік қалыптасуына тиісті шараларды қолдануды міндеттеп отыр.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, ең алдымен, тәрбие жұмысы мазмұнын жаңалау керек. Арнайы іс-шараларға студент өзі келіп, ынтасымен қатысуына жағдай туғызып, шараларды студент үшін пайдалы етіп ұйымдастырған абзал. Сондай-ақ, жастардың тәрбие мәселесін негізгі жүйеге қойып, студенттің өзін-өзі басқаруы мен қоғамдық басқаруды кең ауқымда қарастырып, жаңа жобаларға ден қою қажеттігі айтылды.

Сонымен қатар, министр БАҚ-тағы жоғарғы оқу орындарында көрініс тауып жатқан парақорлық материалдары алаңдатты. Ол ректорларға осы мәселеге байланысты әрбір фактіні тексеруді, бақылау жасап, әрбір студент тарапынан жасалған парақорлық туралы сұрақтарды қадағалауды міндеттеді. Ведомство басшысы университеттер бұндай іс- әрекеттерге үнемі шұғыл жауап беріп, қатаң тәртіпте бақылауы тиістігін атап өтті.

Отырыста Алматыдағы жоғарғы оқу орындары ректорларының осы жылдың қазан айында министрмен өткен бірінші кездесуде берілген тапсырмасы бойынша жасалған жұмыстардың қорытынды есеп беру баяндамалары тыңдалды. Естеріңізге сала кетейік, ол кезде отандық ЖОО-да оқу саласын жетілдіру, модернизациялауды жүйелеу, жаңа заманауи талаптардың деңгейіне көтеру айтылған болатын.

Ректорлардың есеп беру баяндамаларына жүгінсек, бүгінде ЖОО түбегейлі өзгерістерге дайын, министрдің айтқан жоғарғы оқу орындарына арнайы жаңа жобалар қажет екендігі ректорлар тарапынан мақұлданды. Көптеген жоғарғы оқу орындарында бірінші отырыстың қорытындылары талқыланып, проблеманы шешу жолдары қарастырылған. Кейбір оқу орындары оқу жүйесіне түзетулер де енгізген, алдағы уақытта нақты шешу жолдары мен ұсыныстар жүзеге аспақ. Бүгінге дейін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде тәрбие ісі басқару жүйесінің құрылымы ұйымдастырылып, идеологиялық тәрбие орталығы құрылған, ғалымдардың журналдарда жоғарғы импакт-факторлар туралы басылымдарына материалдық ілгерілеу, алға ұмтылыс механизмі жасалған. Ал С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде аудандық деңгейдегі ғылыми инновациялық жүйе қалыптастыру ұсынылып отыр.