Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Ә. Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған конференцияға қатысты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойына орай, «Әлихан Бөкейханов және «Алаш» мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференция жұмысын бастай отырып, өзінің алғы сөзінде ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова қазақ халқының ұлт-азаттық сана-сезімін қалыптастыруда Ә. Бөкейхановтың сіңірген еңбегі орасан зор екендігін баса айтты.   

«Көрнекті саяси қайраткер, этнограф, журналист Әлихан Бөкейханов өзінің бүкіл саналы ғұмырын қазақ халқын азат етуге және дамытуға жұмсады. Ол «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысын басқара отырып, ұлттық мемлекеттілікті дамыту идеясын негіздеді. Тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды алдына мақсат етіп қойды. Осы мақсатқа жетудің жолдары мен әдістерін айқындады», - деді Г. Әбдіхалықова. 

Бүгінгі шара барысында Ә. Бөкейхановтың жазған еңбектеріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жаңа «Айқап» журналының тұсауы кесілді. Айта кетелік, бұл журналды алғаш рет 1911 жылы белгілі жазушы әрі публицист Мұхамеджан Сералин шығарған болатын. 

«Ә. Бөкейхановтың мерейтойы - бұл әдебиет, публицистика және шығармашылық мерекесі. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Әлихан Бөкейхановтың да есімі халық жадында мәңгілік сақталады», - деді өз сөзінде Алматы әкімі Бауыржан Байбек.   

Сонымен қатар, қала басшысы Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына орай, Алматы қаласы тарихының мұражайы жаңа ғимаратқа көшірілгендігін, онда алдағы уақытта көпшілік назарына жаңа жәдігерлер ұсынылатындығын айтты. 

Конференция жұмысына ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, ҚазҰУ ректоры, техника ғылымдарының докторы Ғалым Мұтанов, басқа да ғылым, білім және мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ, қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.