Алматыда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысы өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 31 қазан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Жастар саясатын жүзеге асыруда жастардың үлесі 2015 жылы 25 пайыз, 2020 жылы 55 пайызды құрамақ. Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысында айтылды.

Ол ҚР Премьер-министрі кеңсесінің басшысы, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өтіп жатыр. Республикалық кеңестің мүшелері, Астана қаласының және облыс әкімдіктері жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестердің хатшылары, ҚР Президент әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі кеңсесінің қызметкерлері мен Алматы қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімшілерінің басшылары және жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда.

"Мемлекеттік бағдарламада құзырлы органдардағы жастардың үлесі 2015 жылы - 6 пайыз, 2020 жылы - 15 пайызды құрайтын болады. "Студенттер туралы" жаңа заң жобасында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда 18 және білім беру туралы заң бойынша 1 ұстаным бойынша өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Білім және ғылым, мәдениет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктері нақтылануда", - дейді білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Болатбек Әбдірәсілов.