Алматыда ҚР Президентін сайлау қорытындыларына арналған «Елбасымен бірге, алға!» атты форум болып өтті

АТЫ. 6 сәуір. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда Қазақстан Республикасының Президентін сайлау қорытындыларына арналған «Елбасымен бірге, алға!» атты форум болып өтті.

Салтанатты жиынға Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, Нұрсұлтан Назарбаевтың қалалық қоғамдық штабының, «Нұр Отан» ХДП-ның мүшелері, ұлттық этно-мәдени орталықтардың, қоғамдық ұйымдардың, зиялы қауымның, бизнес қоғамдастықтарының, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Ахметжан Есімов өзінің құттықтау сөзін айтып, өткен Президент сайлауының еліміз үшін аса маңызды екендігін ерекше атап өтті. «Елбасының сайлаудағы аса ірі жеңісі - еліміздің оған деген орасан зор сенімі, Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішіндегі Мемлекет басшысының кемеңгер саясатының айқын жемісі. Бұл - Қазақстанның экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы, халықаралық саясаттағы ірі жеңісінің нәтижесі. Президенттің кезектен тыс сайлауында халық жасаған ұлы таңдау Мемлекет басшысын толық қолдайтындығын және жарқын болашақ үшін дауыс бергендіктерін көрсетті»,- деді қала басшысы.

Форум барысында, осы сайлауда бұрынғы сайлауларға қарағанда алматылықтар үлкен белсенділік танытқаны атап өтілді. Сонымен қатар, «Кандидаттар үшін 690 мың алматылық дауыс берді, бұл 2005 жылғы сайлаудан 1,5 есеге көп. Дауыс бергендердің 90%-ы өз дауыстарын Нұрсұлтан Назарбаевқа берген. Еліміздің сайлау науқанын бақылаушылардың 30 пайызы Алматыда жұмыс істеді. Сайлаудың өту үрдісіне шет елдік байқаушылар да жоғары баға берді», деп атап өтілді акцияда.