Алматыда ҚР Президентінің ауызашары берілді

АЛМАТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше Алматыда ҚР Президентінің қасиетті Рамазан айындағы ауызашар беру рәсімі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онда Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚМДБ-ның найб-мүфтиі Мұхаммед Хусейн Алсабеков, Алматы қаласы Орталық мешітінің бас имамы Құлмұхаммед қажы Махамбет және зиялы қауым өкілдері болды.

«Еліміз егемендік алғалы еңсемізді көтеріп, дәстүріміз бен дінімізді ұлықтай бастадық. Бұл орайда Елбасымыздың атынан жасалып жатқан бұл ауызашар да соның дәлелі. Бұндай игі шара былтыр да ұйымдастырылған болатын. Алла қаласа, осындай қасиетті істер әрқашан жалғасын тауып отырады», деді қала әкімі. Сонымен бірге, А. Есімов мұндай шараның араб елдерінде жоғары деңгейде аталып өтілетінін және бұдан былай қасиетті істі елімізде әлі де кең көлемде өткізу керектігін атап өтті.

Ауызашар дастарханы әкім сөзімен ашылды. Онан соң, мұсылмандық жолымен құран оқылып, ауызашар батасы берілді.