Алматыда ҚР президенттік институтының 20 жылдық тарихына арналған көрме ашылды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Бүгін Алматыдағы Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман - 20 жыл!» атты көрменің ашылу рәсімі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алғашқылардың бірі болып сөз алған ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов жиналғандарды тарихи оқиғамен құттықтап, аталмыш көрменің маңыздылығына тоқталып өтті.

Көрме ҚР президенттік институтының 20 жылдағы тарихына, республикамыздың жеткен жетістіктері мен шетелдік әріптестік байланыс, экономикалық өсу және Елбасының саясаты сияқты маңызды тарауларды қамтыған.

Көрменің ашылу рәсімінен кейін «Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының қорытындысы жасалып, секция жетекшілері мен қонақтардың баяндамалары тыңдалды.

«Бұл конференцияда Қазақстанның тарихына ғана тоқталып, өткен жолын талдап қана қоймай, осы конференция негізінде Қазақстанның болашақта жетер жаңа мақсаттарын айқындадық. Конференцияға келген шетелдік және отандық баяндамашылар пікірі бір ауыздан Қазақстанның әлем алдындағы беделінің биік, Елбасы саясаты сауатты, көреген екендігін тағы бір айқындады», дейді ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қ.Сұлтанов.

Сондай-ақ қорытынды барысында «Қазақстан Республикасының президенттік институты: тарих және қазіргі заман - 20 жыл!» атты тақырыпта өткен студенттік ғылыми жұмыстардың нәтижесі анықталып, конференция тақырыбы аясында жоғары көрсеткішке жеткен еліміздегі ЖОО жеңімпаз студенттер ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен марапатталса, оқытушы, ұстаздар құрамы ҚР ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін төс белгісі және марапат қағаздарымен марапатталды.

Жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдуманов, ҚР Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Рогов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, А.Бижанов, ҚР Білім және ғылым вице- министрі М.Нұрғалиұлы қатысты.