Алматыда ҚР Суретшілер одағының XVI сьезі өтеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Сәуірдің 23-і күні Алматыда ҚР Суретшілер одағының XVI сьезі өтеді. Бүгін Алматыда осыған орай аталмыш одақтың басшылығы арнайы есеп берді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Одақ ретінде соңғы 10 жылда суретшілер қауымы үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. Мәселен, Суретшілер үйі үшін 2 жер телімі сатылып алынып, арнайы шеберхана салынған. Сондай-ақ Одаққа тиесілі барлық ғимарат жөндеуден өткізілген. «Есепті мерзім кезінде 200-ден астам көрме өткізілді, 500-ден астам жұмыстар шет елдердегі ірі көрмелерге қатысып келді. ҚР Президенті резиденциясының да безендірілуіне бірқатар үлес қостық. Онда 300-ден астам біздің суретшілер мен мүсіншілердің жұмыстары тұр. Бұнымен қатар, Суретшілер одағы ЮНЕСКО жанындағы Суретшілер қауымдастығының мүшесі болды», дейді ҚР Суретшілер одағының төрағасы Еркін Мергенов. Оның айтуынша, суретшілер қауымына соңғы 10 жыл ішінде 16 миллион 366 мың теңгенің көмегі көрсетілген. Сондай-ақ жақын арада 80 суретші шығармашылық шеберханасын алған. «Біз мемлекеттік ұйым емеспіз. Сондықтан мемлекеттен ешқандай көмек алмаймыз. Осы жұмыстардың барлығы өз күшімізбен атқарылды. Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Осы мәселелердің барлығы алдағы сьезде сарапқа салынады», дейді Е.Мергенов.