Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы залы ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев залы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл зал 1 желтоқсан — ҚР Тұңғыш президенті күніне орай ашылып отыр.

Шараға «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының» директоры Әмірхан Рахымжанов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, академик Ғалым Мұтанов, университет ғалымдары, қоғам және БАҚ өкілдері қатысты.


Аталған зал білім орталығы болып есептеледі, онда Нұрсұлтан Назарбаев ел басқарған кездегі тәуелсіз еліміздің құрылу тарихы мен нығаюы жолындағы материалдар жинақталған.

«ҚазҰУ осымен төртінші жыл Елбасы кітапханасымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Былтыр студенттермен кездестік, оның алдында «Елбасы моделі» атты халықаралық конференция өткіздік. Бүгінгі кездесуіміз де сол үлкен жобаның жалғасы. Біздің кітапханада соңғы жылдары көптеген жаңа кітаптар шығып жатыр, бүгін солардың ішінен 100 кітапты осы залға тапсыруға алып келдік. Өйткені болашақ жастарымыз еліміздің тарихын біліп өсуі керек. Олардың ой-өрісін осы кітап, білім арқылы кеңейтеміз деп ойлаймыз. Әкелген кітаптардың ішінде «Тұңғыш Президенттің әлемнің жетекші университеттерінде оқыған дәрісі», «Назарбаев моделі» атты кітаптар бар. Бұлар жақында ғана жарық көрген, яғни сиясы әлі кеуіп үлгермеген кітаптар», - деді Әмірхан Рахымжанов.


Ректордың айтуынша, бұл зал алдағы уақытта ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен семинарлар өткізетін, сарапшылар қауымдастығының және білім, мәдениет саласы мамандарының кездесу алаңына айналады.

«Тұңғыш Президент кітапханасының директорына алғыс айтқым келеді. Профессор Махмуд Базарқұлұлының басшылығымен көптеген істер жасалып жатқанын білеміз. Бүгінгі күні біздің кітапхана 100 жаңа кітаппен толықты. Олардың барлығы өте құнды. Осы залда біздің оқытушылар, ғалымдар мен студентер Ұлт Көшбасшысы Елбасы туралы барлық материалды таба алады», - деп атап өтті университет ректоры, академик Ғалым Мұтанов.