Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жаңажылдық шырша мерекесін ұйымдастырады

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда бүгін және ертең ҚР Тұңғыш Президенті Қоры жаңажылдық шырша мерекесін өткізеді.

Бұған Алматы қаласының және Алматы облысының ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және түзету мектеп-интернаттарының балалары шақырылып отыр.

300-ден астам қатысушы балаларды мерекелік қызықты жаңажылдық бағдарламалар күтіп тұр - «Жаңа жылдық саяхат» шоу-маскарады: онда атақты эстрада жұлдыздары мен жас жұлдыздар, мың бұралған бишілер өз өнерлерін көрсетеді, сонымен қатар түрлі ойындар мен байқаулар өтеді.

Балаларға керемет көңіл-күй сыйлайтын - Карина Абдуллина, Толқын Забирова, Ерлан Көкеев, Алмас Кішкенбаев, Динара Сұлтан, Айлан, «Іңкәр» тобы, «Арлан», «Премьера», «Інжу» және тағы басқа қазақ эстрада жұлдыздары. Олардың әрқайсысы қайырымдылық сипатта өнер көрсететін болады.

Шыршаға шақырылған әр балаға жаңажылдық сыйлықтар табысталады. Ал, балаларға дайындалған арнайы тосын сыйлықтар әрбіріне қуаныш сыйлары сөзсіз.