Фильмнің режиссері - Рүстем Әбдірашев. Туындының сценарий авторы - Шахимарден Құсайынов пен Рүстем Әбдірашев. Фильмге Бибігүл Төлегенова, Ержан Жарылқасынұлы, Нұржұман Ықтымбаев, Алмагүл Әлішева, Наталия Орынбасарова сынды танымал әртістер түскен. Басты кейіпкер Елбасының балалық шағын - жас актер Елжас Әлпиев ойнаса, мектептегі шағын - Әбілмансұр Серіков, жігіт болған кезін Нұрлан Әлімжанов сомдайды.
«Фильмнің желісі «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде» кітаптарының негізінде жасалған. Мұнда Елбасының нақты өмірі көркем шындықпен сипатталады. Басты кейіпкер Сұлтан ұшқыш болуды армандайды. Мектеп бітірген жылы Киев азаматтық авиация институтына оқуға да түседі. Алайда, тағдыр жолы оны басқа қиырларға бастайды....
Фильм басты кейіпкердің дара болмысын, қайраткерлік мінезінің қалыптасуын, алғашқы жеңістерін, үкілі үміті мен асыл арманын баян етеді»,-деді фильмнің режиссері Рүстем Әбдірашев.
Оның айтуынша фильм бір жарым жылда түсірілген. «Түсірілім Елбасының туып өскен жері Үшқоңыр жайлауында, Шамалған ауылында және Қаскелен қаласында өтті. Актерлерді ұзақ таңдадық. Басты кейіпкерді еліміздің барлық жерінен, облыстардан, мектептерден іздедік, таныстар арқылы да қарастырдық»,-деді Р.Әбдірашев. Оның айтуынша фильмнің жалғасы түсіріледі.
«Бүгін біз үшін ұзақ күткен премьера. Алматылықтар үшін көрсетілімді арнайы ұйымдастырып жатырмыз. 7 сәуір күні Астанада тұсаукесерін өткіздік. Фильмді тамашалаған қонақтар «2011 жылдың ең үздік кино туындысы» деген баға берді. Елбасының өзі де бұл фильмді екі рет көрді, ол кісіге ұнады. Фильмді ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап отырмыз»,-деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының директоры Ермек Аманшаев. Оның айтуынша, фильмнің бюджеті 3 миллион долларды құрайды.
Жалпұлттық тұсаукесер рәсім оңтүстік астанамыздан басталып, Талдықорған, Қарағанды, Павлодар, Ақтау, Орал, Өскемен, Шымкент, Тараз қалаларында жалғасын табады.
Фильмнің жалпыұлттық көрсетілімі бүгін «Арман» кинотеатрында сағат 19.00-де басталады.