Алматыда ҚР Тұңғыш Президентінің көшбасшылық феномені талқыланды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда отандық және шетел ғалымдары ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық феномені және оның қоғамның тұрақты дамуындағы рөлі жөнінде әңгіме қозғады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова аталған шараның маңыздылығын атап өтті.

Оның сөзінше, ғылыми конференцияда ғалымдар мен сарапшылар Елбасының лидерлік феноменін талқыға салды.

Жиында сөз сөйлеушілер Президенттің Тәуелсіздіктің негізі қаланып жатқан қиын-қыстау күндерде қаншалықты маңызды шешімдер қабылдағандығын атап өтті. Сондай-ақ олар Елбасының қазақ тарихы, мәдениеті мен болмысына қатысты дүниелерді жан-жақты, терең меңгере білетіндігін атап өтті.

«Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөздерінде, сұхбаттарында Қазақстанда ежелден бейбітшілік пен келісім орныққанын айтып келеді. Мемлекет басшысы 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Аталмыш ұйымның қызметі Қазақстанда тұрып жатқан халықтар мен этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған»,-деп атап өтті Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов.