«Қазақстандық қоғамның жаңартылуы жағдайында саяси жүйені қалыптастыру және жетілдіру (теория мен тәжірибе мәселелері)» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ашылды. Аталмыш мәслихат ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор Ғайрат Сапарғалиевті еске алуға арналған.
Конференция жұмысына атақты ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың және Қазақстан мен шетелдік қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысуда.
«Ғайрат Сапарғалиұлы - Республикамыздағы ең беделді және атақты мемлекеттанушы болып табылады», -деп атап өтілді конференцияның пленарлық мәжілісінде.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің деканы Дәулет Байделдиновтың айтуынша, бүгінде Ғайрат Сапарғалиевтің еңбектері оқу, ғылыми зерттеу барысында мұғалімдер мен студенттер арасында белсенді түрде зерттеліп, оқытылып келеді. «Академик Сапарғалиев әлемдегі өмірдің өзгеруін сезіне отырып, әрқашан азаматтық ұстанымды ұстады, ал ғалымның көзқарасы мен ойы Қазақстанда жүргізіліп жатқан құқықтық саясаттың негізінде болды»,-дейді ол.
Ғайрат Сапарғалиев - Республикада және шет елдерде шығарылған 300-ден аса басылымның авторы. Академиктің ежелгі кезеңнен мемлекеттік басқаруға дейінгі және тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысына дейінгі кезеңдегі мемлекет және құқық теориясы мен тарихының мәселелеріне арналған 60-тан астам монографиясы мен оқулықтары жарық көрген.
Бүгін түстен кейін өтетін конференция жұмысында Қазақстандық қоғамның жаңартылуы жағдайында саяси жүйені қалыптастыру және жетілдіру бойынша, Қазақстанның заңнамасы мен саяси жүйесін жетілдіру бағыттарына ұсыныстар мен пікірлер және құқықтық ғылымдағы өзекті мәселелер талқыланатын болады.