Алматыда ҚР Үкіметінің басшысы Халықаралық ІТ-университетте болды

ЛМАТЫ. Наурыздың 23-і. ҚазАқпарат /Данияр Сиқымбаев/ - Алматыға жұмыс сапары ауқымында сейсені күні, наурыздың 23-інде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде болды.

Халықаралық ІТ-университет өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен ашылған болатын. Жоғары оқу орны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде құрылған. Мемлекет тарапынан құрылтайшы - «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі, ал жеке сектор тарапынан - Халықаралық бизнес университеті (UIB).

Университет ректоры Дамир Шыныбековтің айтуынша, жаңа жоғары оқу орны Қазақстанның жеделдете индустриялық-инновациялық дамуына жәрдемдесетін болады.

Халықаралық ІТ-университет республиканы әлемдік дәрежедегі ІТ-мамандармен қамтамасыз етеді. «Біздің әріптесіміз iCarnegie, бұл Carnegie Mellon (США) университетінің құрылымдық бөлімшесі. Carnegie Mellon - бағдарламалау жөніндегі әлемдегі №1 университет. Біз ІТ-мамандар даярлау жөніндегі олардың оқу бағдарламаларын алдық. Қазір бізде төрт мамандық - ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттану және ІТ-менеджмент ашылған. Биыл қосымша ІТ-тегі қаржы, телекоммуникация және ІТ-журналистика мамандықтарын ашуды жоспарлап отырмыз», - деді ректор.

Бүгінгі таңда университетте 377 адам оқиды, олардың 300-і мемлекеттер гранттар бойынша білім алуда.