Алматыда құқық қорғау органдары жүйесін реформалаудың өзекті мәселелері талқылануда

АЛМАТЫ. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін Президентке тікелей бағынатын Агенттіктің базасында тергеушілерді бір жерге шоғырландыратын жаңа орган құру қажеттігі туды.

Тергеушілердің бәрін бір жерге шоғырландырып, ведомстволық бағыныштылықтан шығарып, тәуелсіз бір орган құрсақ, қылмыспен күрес жүргізу саясатындағы ісіміз алға басар еді. Бұл туралы бүгін Алматыда "Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу-Қазақстанның жаңа мүмкіншіліктері" атты ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы аясында "Қазақстан Республикасы құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері" тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің доценті, заң ғылымдарының кандидаты Шаймардан Шәріпов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, құқық қорғау жүйесін реформалау бүгінгі күні әбден піскен мәселе. «Бұл тұстағы мәселелер қордаланып қалды. Соның ішінде, бізді құқық қорғау орындарының құрамдас бөлігі - тергеу орындарының мәселесі, бүгінгі жағдайы, келешегі қандай болмақ деген проблемалар ойландырады. Бұл біріншіден, екіншіден 2007 жылғы өзгерістерге лайық, тергеуге байланысты 84-ші бабы алынып, тергеуді сот та, прокурор да жүргізе алады деген әңгімелер жүріп жатыр. Осы тұста прокуратура органдарындағы іс-қимылда тергеу функцияларын өзіне қайыру мәселесі қойылып отыр. Біздің пікірімізше, бұл асығыстық. Прокурордың қадағалау функциясымен қалғаны жөн деп санаймыз», деді Шаймардан Шәріпов.

Дөңгелек үстелдің жұмысына Алматы қаласы құқық қорғау органдарының және "НұрОтан" ХДП жетекшілері мен өкілдері, Қазақстанның жетекші құқықтану мамандары, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігі Академиясы, ҚР Қаржы полициясы Академиясы, сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ғалым заңгерлері қатысты.

Жиын барысында Елбасының халыққа Жолдауы тұрғысынан құқық қорғау жүйесін реформалаудың конституциялық-құқықтық негіздері, сот органдары қызметінің басымды бағыты, Елбасы Жолдауының ережелерін жүзеге асыру барысында құқық қорғау органдарының өзара әрекет ету мәселелері қарастырылып, талқыланды.