Алматыда құқық тәртібіне қатысты қорытынды кеңес өтті

АЛМАТЫ. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалық етуімен қорытынды кеңес болып өтті.

Оның жұмысына құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қаланың құрылымдық бөлімшелерінің, аудан әкімдіктерінің басшылары қатысты.

Кеңесте Алматы қаласы ІІД-ның бастығы Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы құқық бұзушылықтың алдын алу мен ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуға ерекше көңіл бөлінген.

«Ішкі істер департаменті қоғамдық тәртіпті сақтау мен қаладағы аухалды жақсарту үшін қосымша шараларды жүзеге асырып, шолғын жүргізу бағыттарын қайта қарады. Автомаршруттар мен жаяу шолғыншылар екі есеге артты. Қоғамдық тәртіпті сақтау ісіне қоғамдық көмекшілер мен ішкі әскер жауынгерлері тартылды. Соның арқасында криминогендік жағдай тұрақтанды. 2010 жылдың аяғында көшеде қылмыс жасау 16,1 пайызға, ал қоғамдық орындарда - 20,4 пайызға азайды. Барлық аса ауыр қылмыстар айрықша бақылауда болды, соның нәтижесінде, олардың басым көпшілігі ашылды»,-деді ол.

Е. Тұрғымбаевтың айтуынша, ұйымдасқан қылмыс пен есірткі бизнесіне қарсы күреске ерекше назар аударылған. «УБОП қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстың 3 басшысын, 33 мүшесін, 12 «беделдісін» ұстап, жауапқа тартты. 57 жасырын казино мен заңсыз ойын залдары жойылды. 4 жаңа ұйымдасқан қылмыстық топ анықталып, құрықталды. Заңсыз айналымнан 420 кг есірткі заттары алынды»,-деп атап өтті Ерлан Тұрғымбаев.

Ол сонымен қатар: «Жасөспірімдер мен студенттік орта да басты назарда болды. Студент жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында қаладағы 8 жоғары оқу орындарының жанында полицияның учаскелік нүктелері жұмыс істейді. Жол қауіпсіздігін жетілдіру мақсатында әкімшілік ықпал ету күшейтілді, көлікті мас болып жүргізу мен жол қозғалысы ережесін бұзғандарға қатаң шаралар қолданылды. Есепті кезең ішінде техникалық құралдар арқасында (фото, бейне камера) 105 мыңнан астам құқық бұзушы анықталып, олар 406,7 миллион теңге айыппұл төледі»,-деді.

«Істің нақты жағдайын біліп, тиімді шараларды дер кезінде қолдану қажет. Қала жабық болмауы тиіс, бірақ біз оны сырттан келетін нағыз қылмыскерлерден қорғауымыз керек. Учаскелік инспекторлар қатарын көбейту бюджетке қосымша салмақ түсіреді, бірақ соған қарамастан азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін біз бұл істі қолға аламыз, бүгін қала экономикасы бұған мүмкіндік береді», - деді қала әкімі Ахметжан Есімов.

Бұлардан өзге кеңес жұмысы барысында Азиада кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қаланың маңызды инфрақұрлымды нысандарын күзетуді күшейту мәселесі де жан- жақты талқыланды.