Алматыда Күләш Байсейітованың ескерткіші ашылды

МАТЫ. 15 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп- интернатында ҚСРО-ның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты,

әйгілі әнші - "Қазақтың бұлбұлы" Күләш Байсейітованың 100 жылдығына орай, әншіге арналған ескерткіштің ашылу салтанаты болып өтті.

Ескерткіш дарынды талант иесі атындағы мектеп- интернатының бастамасымен және "Құбыла", "№1" құрылыс компаниясының, сонымен қатар қала әкімдігі мен Бостандық ауданы әкімдігінің қолдау-демеушілігімен тұрғызылды.

Ескерткіштің биіктігі 3 метр. Мүсін сынама қоладан құйылған. "Ескерткішті тұрғызуда әйгілі әншінің қысқа өмірін, қарапайымдылығы мен сұлулығын көрсетуге тырыстым. Оның бейнесін мұражайында тұрған тарихи суретіне қарап жасадым. Мүсінді жасауға бір ай уақыт кетті", -деді ескерткіштің авторы, мүсінші Тілеуберді Бинашев.

Ашылу салтанатына қала әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Мәдениет вице-министрі Асқар Бөрібаев, мектеп ұжымы, өнер қайраткерлері мен зиялы қауым, әнші, музыканттар, Күләш Байсейітованың туған-туыстары мен балалары қатысты.

"Біздің қаламыз қазақ өнері мен мәдениетінің байырғы ордасы. Қазақ опералары осында дүниеге келіп, сахнаға шықты. Соның алғашқы әншісі және оны биік дәрежеге көтерген талантты тұлғаның бірі - Күләш Байсейітова болатын. Тума талант әлемдік классикалық өнерді жедел игеріп, ұлттық ортада шеберлікпен дамыта білді. Өзінің қайталанбас дарынымен қазақ операсын аз уақыт ішінде әлемдік деңгейге көтерді. Әсем даусымен елдің даңқын, халқының мерейін арттырды. Озық мәдениетімізді халықаралық өнер туындыларымен байытты. Қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш опера әншісі Мәскеу сахналарында ән салып, Кеңес Одағында талғампаз көрермен қошеметіне бөленді. Ол сомдаған қазақ аруларының қайталбас бейнелері халықтың мәңгілік есінде қалады. Өзінің бар ғұмырын қазақ өнерін дамытуға арнаған оның өнерге адалдығы, адамгершілігі мен кәсіби шеберлігі қазақ өнерінің қайраткерлеріне, барша жас қауымға үлгі өнеге. Бүгінде осындай асыл қыздарымызды ұлықтау ел тәуелсіздігінің арқасында, мемлекет басшысының қолдауымен мүмкін болып отыр. Әйгілі әншінің бүкіл шығармашылық уақыты өткен Алматы қаласы Күләш атын әрқашан ардақ тұтып, есімін жас ұрпаққа өнеге етіп келеді. Бүгінгі ескерткіш сол құрметтің бір көрінісі. Бұл жалпы тәуелсіз еліміздің ұлттық өнерге, өнер тұлғаларына деген құрметтің бір белгісі",-деді қала әкімі Ахметжан Есімов ескерткіштің ашылу салтанатында.

Күләш Байсейітова қысқа да болса жарқын өмірімен, күміс көмей, жез таңдай әншілігімен қазақты танытқан. Ол өнерлі ордада туып өсіп, халық әндерінен нәр алған. Оның өнер жолы атақты әртіс Серке Қожамқұловтың драма үйірмесінен басталған. Жас әншінің өнер жолы кейіннен Италияда шыңдалып, оның опералық әншілік мүмкіндігі жарқырай ашылады. Қайталанбас, таңғажайып, әсем даусымен, әртістік дарынымен ерекшеленген Күләш Байсейітова жастайынан-ақ Халық әртісі атанып, Мемлекеттік сыйлықтарды иеленеді. Аққу ғұмыр, жезтаңдай әнші өмірден озса да, ол сомдаған жарқын бейнелер сыңғыр үнімен сүйген халқының жүрегінде сақталып келеді.