Салтанатты шараға романның авторы, жазушы Шархан Қазығұл, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Смағұл Елубай, Қазақстанның халық әртісі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, актер Досхан Жолжақсынов, Mecenat.kz әдеби байқауының құрылтайшысы Ерлан Асқарбеков, Kitapfest кітап фестивалін ұйымдастырушы Бекнұр Қисықов, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кітаптың тұсаукесер шарасы басталмас бұрын зиялы қауым өкілдері роман жайлы ойларын айтты.
Алғашқы болып мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев сөз алды.
«Романның тәрбиелік мәні бар. Онда қазіргі аумалы-төкпелі заманда өз ұлтын, елін сүю, қандай қиын жағдай болмасын, адами қасиетті сақтап қалу тақырыбы көрініс тапқан. Біз қазір осы асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіріп, көбірек насихаттауымыз керек. Сонда еліміздің болашағы жарқын болады деп ойлаймын. Шархан, сен әлі жассың. Сенің қолыңнан мұндай туындылар әлі көп шығады»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Халық әртісі Досхан Жолжақсынов романды экран мен сахнаға шығару туралы өз ойын айтты.
«Күлпет» романы – Шарханның жан азабы. Мұнда үш буынның тарихы жазылған. Олар адамзаттық мәселелерді көтереді. Жалпы, роман кино түсіруге, тіпті, сахнадағы пьесаға сұранып тұр. Ең ғажабы – кейіпкерлердің әрқайсында сұңғыла ойлары мен мінез-құлқы бар. Ол экран мен сахнаға шықса, керемет дүниеге куә боламыз деп ойлаймын. Шархан бауырым, сен осыдан кейін ештеңе жазбасаң да болады. Сен осы романыңмен-ақ тарихта қалдың. Mecenat.kz байқауының жеңімпазы Мәкең, Жәкеңдер емес, тап осы Шарханның болуы мені қатты қуантты»,- деді Досхан Жолжақсынов.
Жазушы Смағұл Елубай мұндай шығарманы оқудың өзі ғанибет екенін айтты.
«Мен бұл кітаптан бірнеше ерекшелікті байқадым. Олар - заманауи форматқа сай келуі, көлемінің шағындығы. Қазақтың сөз саптауын бұзбай, бай тілімен жазылған. Ал мұндай шығарманы оқудың өзі ғанибет. Сонымен бірге, Шархан романда өзінің қазыналы ойларын ақтарған. Ал осы шығарманы елеп-ескеріп, оған жүлде беріп, материалдық тұрғыда қолдау көрсеткен Mecenat.kz ұйымына қатты разы болдым»,- дейді жазушы Смағұл Елубай.
Келесі кезекте кітап авторы Шархан Қазығұлға сөз берілді. Ол кітаптың жазылу тарихы жайлы ойларын айтты.
«Бұл шығарма арқылы мен «адам өмірге не үшін келеді?», «адамның жаны мәңгілік пе?», «адамның өмірге келгендегі мақсаты не?» деген сұрақтарға жауап іздеп, осы сұрақтарға жауапты кейіпкерлердің сөзімен көркем тілде жеткізгім келді. Роман ішінде бүгінгі жаһандану дәуірінде қазақ ұлтының идентификациясын, әлемде өзінің лайықты орнын сақтап қалу, ақылды, білімді азаматтардың туған жерден жыраққа кетпей, еңбек етуіне жағдай жасау, жастардың патриоттық сезімін ояту туралы ойларым айтылды. Жалпы, бұл роман көп адамның қолқа салуымен дүниеге келгенін айту керек. Бүгін кітабымның тұсаукесеріне келген баршаңызға алғысым шексіз»,- деді Шархан Қазығұл.
Осыдан соң мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев, жазушы Смағұл Елубай, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов жаңа кітаптың тұсауын кесті.
Шара барысында қазақтың дәстүрлі әншісі Айгүл Қосанова домбырамен «Ақ сұңқар» халық әнін орындады.
Келесі кезекте Mecenat.kz әдеби байқауының құрылтайшысы Ерлан Асқарбеков сөз алып, әдеби байқаудың мақсатын түсіндірді.
«Mecenat.kz әдеби байқауының мақсаты – қазақстандық көркем әдебиетті және оны оқуға деген ынтаны дамыту, ел жазушыларының деңгейін көтеру және оларды әлемдік кітап нарығына шығару. Әдеби байқаудың алғашқы кезеңі өте сәтті өтті. Оған мына статистикалық мәліметтер дәлел: тіркелген автор саны - 137, сайтқа кірген адам саны - 62 мың, дауыс бергендер - 6756, жүктелген роман - 67, халықтық дауыс беруге өткен роман саны - 21 болды. Қазір үздік роман үшін жыл сайын берілетін Mecenat.kz әдеби сыйлығының екінші кезеңі басталды. Осы уақыттан бастап шетелдегі қандастарымыздан да қолжазба қабылданады. Орыс тіліндегі қолжазбалар тек Қазақстан азаматтарынан қабылданады. Барлық талаптар www.mecenat.kz сайтында тұр»,-деді Ерлан Асқарбеков.
Ол сондай-ақ ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Отандастар» қоры қолдау білдіргенін, «Qazaqstan» РТРК, «Хабар» телеарнасы және «Qazaqparat» халықаралық ақпараттық агенттігі ақпараттық серіктестер болғанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгінгі күні жазушы Шархан Қазығұлдың «Күлпет» романы Алматы қаласы, Розыбакиев көшесінде орналасқан «Мега» сауда орталығындағы «Меломан» кітап дүкенінде сатылып жатыр. Бағасы – 2450 теңге.