Спикер мегаполис тұрғындарының иммундық қабаты КВИ-ден ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға жетпейтінін атап өтті. 6 тамыздағы жағдай бойынша, вакциналау қала тұрғындарының ресми санының 41,1% көрсетті.
Ж. Бекшиннің айтуынша, бір жасқа дейінгі балалардың аурушаңдығы артып келеді. Өткен аптада 224 КВИ дерегі тіркелсе, осы аптада 238 жағдай анықталған. 14 жасқа дейінгі балалар арасында аурудың төмендеуі байқалады – өткен аптада 1 099, осы аптада - 878 бала. Жалпы КВИ аурушаңдығы 20-40 жас аралығындағы жастар арасында – 38%, 40-59 жас аралығында – 25% және 60 жастан асқан адамдар арасында – 20%.
Алматының бас санитарлық дәрігері халықтың қандай топтары КВИ жұқтыруға бейім екенін айтты.
«Алдыңғы 7 күнмен салыстырғанда соңғы 7 күнде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында – 41%, түрлі ЖШС, ЖК, АҚ қызметкерлері арасында – 18,4%, зейнеткерлер арасында – 17,3% және оқушылар арасында – 9,2% және мектеп жасына дейінгі балалар арасында – 6% жоғары көрсеткіш сақталуда. Халықтың аталған санаттары КВИ-мен ауырғандардың жалпы санының 92% құрайды және олардың арасында алдын алу шараларын жүргізу қажет», - дейді Ж. Бекшин.