Оның айтуынша, Алматыда тұрғын үй кешенін салушыларға балабақша мен мектеп салу міндеттеледі.
«Енді әкімдікке жоспарымен келген кәсіпкерлерден талап етеміз. Егер жоспарға мектеп кірмесе, онда құрылысқа рұқсат етілмейді. Біздің талап - мектептерге, балабақшаларға және шағын амбулаторияларға деген сұранысты қанағаттандыру. Тек осы қағидаға сай шешім шығарамыз», - дейді әкім.
Бұл принцип қазірдің өзінде қолданылады. Мысалы, Алатау ауданында 22 үйден тұратын «Мәдениет» тұрғын үй кешені салынып жатыр. Онда жобаға сай 120 орындық балабақша құрылысы қарастырылған.
«Қайрат» шағын ауданында № 41 үйдің құрылысы басталды, жобада 1 500 орындық мектеп, 260 орындық балабақша мен емхана бар.
«Демалыс орындарын жақсарту және құру мақсатында аулалар жөнделуде, ойын және спорт алаңдары құрылуда. Мысалы, М.Әуезов ауданында 2020 жылы 205 аула, 9 сквер жөнделді, 5 бос учаске, 2 жағалау аймағы абаттандырылды, 10 шағын аудандағы жаяу жүргіншілер аймағы жөнделуде. Сондай-ақ, бұл ауданда бір кездері қараусыз қалған учаскелерде скверлер мен көшелер бойында 10 спорт алаңы салынды, аулаларды жөндеу кезінде тағы 50 алаң құрылды», - дейді Бақытжан Сағынтаев.