Алматыда құрылыс компаниясы әлеуметтік жауапкершілік аясында балабақша салады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде Алмалы ауданындағы жаңа тұрғын кешендерін аралап көрді, қолжетімді әлеуметтік нысандар салу жөніндегі жобаны жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Біріншісінде белсенді ұзақ өмір сүру орталығын, екіншісінде кітапханасы, түрлі үйірмелер, коворкинг-аймағы және шеберлік сабақтарын өткізетін балаларға арналған дамыту орталығын ашамыз. Әлеуметтік жауапкершілік аясында девелоперлер көрші үйлердің ауласын жөндеп, 100 орынға арналған балабақша салады», - деп жазды Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы парақшасында.

Айта кету керек, 108 пәтері бар «Элиф тауэрс» ТК екі қабатты ескі қамыс 2 үйдің орнына салынды
Қала әкімі жұмыс сапары барысында 7-Eleven әлемдік шағын дүкендер жүйесі бойынша құрылған жаңа форматтағы дүкенде де болды. Жоба франчайзинг негізінде жұмыс жасауда.
Б. Сағынтаев жылдық қуаты 86,3 мың тонна өнім шығаруға арналған тазартылған сұйық май мен май шығаратын кәсіпорында болды. Зауытта 1 068 адам жұмыс істейді.